

1964 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтының базасында «Құрылыс конструкциялары» кафедрасы құрылды, онда ПГС мамандығының инженерлеріне арналған «Сәулет» пәні оқытылды. Дербес құрылымдық бөлімше ретінде «Сәулет» кафедрасы 1995 жылы құрылған.
1995 жылы «Сәулет» кафедрасымен қатар Ақмола инженерлік-құрылыс институтында 0620-«Сәулет» мамандығының ашылуына байланысты, «Сәулеттік жобалау негіздері» кафедрасы құрылды. Кафедра меңгерушісі болып Ақмола аграрлық институтынан осы лауазымға шақырылған сәулет кандидаты, профессор Чиканаев Аманжол Шаймерденұлы тағайындалды. 1996-1997 оқу жылында институт ректорының бұйрығымен аталған кафедра қолданыстағы "Сәулет" кафедрасымен біріктірілді. Жаңа кафедраның меңгерушісі сәулет кандидаты, доцент Дүйсебаев Ұлқайырбек Дүйсебайұлы болды. Кафедра құрамы 13 оқытушыға дейін өсті. 1998 жылдан бастап кафедрада 0613 «Сәулет ортасының дизайны» мамандығы бойынша студенттерді даярлау басталды және кафедра «Сәулет және дизайн» болып жаңа атауға ие болды.
1999 жылдан 2008 жылға дейінгі кезең кафедра меңгерушісі сәулет кандидаты, профессор, ҚР құрметті сәулетшісі, Шығыс елдерінің халықаралық Сәулет академиясының корреспондент мүшесі Рахима Усманқызы Чекаеваның қызмет ету мерзімі болды. Ол кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамын кеңейтуге, оның сапалық құрамын жақсартуға ықпал етті, оған тәжірибелі мамандар сәулетшілер, дизайнерлер, суретшілер шақырылды.
2003 жылы кафедраға танымал қазақстандық сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы (Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы) келуімен бейіндік және шығармашылық пәндерді қазақ тілінде оқыту жаңа сапалы деңгейге ие болды. Кафедраға сәулет докторлары, профессорлар, ҚР құрметті сәулетшілері Е.К. Дүйсебай (2006 жылы), Қ.Қ. Арынов (2011 жылы) шақырылды.
2008 жылдан 2020-жылға дейін «Сәулет» кафедрасын сәулет кандидаты, профессор, ҚР құрметті сәулетшісі Садықова Сара Шангерейқызы басқарды.
2021-2023 жылдар аралығында «Сәулет» кафедрасының меңгерушілігін Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі Ләйлә Әділханқызы Жақсылықова, 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап PhD докторы Саурбаева Әсемгүл Мұратқызы атқарды. Осы кезеңде кафедрада 8D07320 – «Сәулет» білім беру бағдарламасы бойынша PhD докторантура ашылды.
2024 жылдан бастап «Сәулет» кафедрасына сәулет докторы, профессор, ҚР құрметті сәулетшісі, Ұлттық дизайн академиясының академигі Арынов Қалдыбай Қанайұлы жетекшілік етеді.
Қазіргі кезеңде «Сәулет» кафедрасы білімгерлерді мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде келесі білім беру бағдарламалары бойынша оқытып, бітіруші түлектерді шығарады:
бакалаврият 6В07З20 – Тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың сәулеті; 6В07321 - Ғимараттар мен құрылыстарды энергия тиімді жобалау, оқу мерзімі 5 жыл;
магистратура 7М07320 – Сәулет, оқу мерзімі 2 жыл;
PhD докторантура 8D07320 – Сәулет, оқу мерзімі 3 жыл.
Кафедрада ғылыми-зерттеу жұмыстары (ҒЗЖ) және білімгерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстары (БҒЗЖ) белсенді жүргізілуде. Білімгерлер профессор-оқытушылардың жетекшілігімен ғылыми жұмыстармен айналысады, түрлі деңгейдегі студенттердің еліміздегі және шет елдік ғылыми конференциялары мен фестивальдарына қатысады, және оның ғылыми нәтижесін дипломдық жұмыстарға пайдаланады. Оқытушылар мен студенттердің ғылыми жұмыстары университет хабаршысында және басқа да басылымдарда жарық көреді. Еліміз үшін өзекті тақырып бойынша орындалатын дипломдық жобалар халықаралық және республикалық байқауларда-дипломдық жобалар конкурстарында жүлделі орындарға ие болып, түрлі кәсіби көрмелерге қойылады.
«Сәулет» кафедрасының түлектері жыл сайын қарқынды өсіп келе жатқан Отандық сәулеттік-құрылыс нарығында, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Ақтау, Атырау және т.б. қалаларда құрылыстың өсіп келе жатқан сәулеті мен көлеміне байланысты жаңа форматтағы маман ретінде әрдайым сұранысқа ие.
Кафедра студенттерінің контингенті 1250 адамды құрайды, оның ішінде бакалавриат -1205, магистратура – 43 және докторантура - 2 білімгер.
Кафедра профессорлық-оқытушылар құрамы жоғары біліктілікке ие, қазіргі уақытта онда 28 штаттық оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде ғылыми әлеуеті: 2 сәулет докторы, 6 PhD докторлары мен 7 сәулет кандидаттарынан құралған. Сонымен қатар білімгерлердің теориялық шығармашылығы мен тәжірибелік білімін шыңдау мақсатында кафедрада сырттан, түрлі сәулеттік-жобалау мекемелерінде қызмет атқаратын мол тәжірибесі бар 17 маман қосымша қызметке тартылған
Кафедраның шығармашылық әлеуеті: Қазақстан мен Өзбекстанға еңбегі сіңген 2 сәулетші, ҚР-ның 7 құрметті сәулетшісі, Ұлттық дизайн академиясының 1 академигі, Шығыс елдерінің халықаралық Сәулет академиясының корреспондент 1 мүшесі, ҚР Сәулетшілер одағының 11 мүшесі, ҚР қала құрылысшылары одағының 6 мүшесі, ҚР Дизайнерлер одағының 2 мүшесі, Еуразия дизайнерлер одағының 3 мүшесі және ҚР Суретшілер одағының 1 мүшесі сонымен қатар «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының 3 иегері бар.
Кафедраның халықаралық байланыстары кеңеюде, Мәскеу, Санкт-Петербург, Тюмень қалаларының сәулет кафедраларымен тығыз ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді және МАРХИ, Тюмень индустриальды университеті, Краков политехникалық университеті (Польша), Беларусь ұлттық техникалық университеті (Беларусь Республикасы, Минск қ.) т.б. студенттермен алмасу, жазғы практикаларды өткізу бойынша шығармашылық байланыстар мен уағдаластықтар орнатылды. Ғылым кандидаты мен ғылым докторын даярлау бойынша бастамашыл тақырыптар бар. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясымен және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен, (арх. факультет), ТашПИ Самарқанд мемлекеттік сәулет-құрылыс институтымен байланыстар дәстүрлі болып қала береді.
«Астана бас жоспары» МКК, «Санар» сияқты жобалық фирмалар мен ұйымдарда кафедраның мастер-класс өткізетін филиалдары бар. «Сәулет» кафедрасының жұмыс тәжірибесі де осындай ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың екі жаққа да тиімді екенін көрсетті.
