
Шетелдік студенттерге визалық мәселелер бойынша түсіндіру кездесуі өткізілді.

2026 жылғы 2 қазанда сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 6-корпусында орналасқан сәулет-құрылыс факультетінің 208-аудиториясында шетелдік студенттерге визалық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған кездесу өтті. Кездесуге факультетте бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде білім алып жатқан шетелдік студенттердің басым бөлігі қатысты. Олардың қатарында Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және басқа да жақын және алыс шет мемлекеттерден келген студенттер болды. Іс-шараға ЕҰУ Халықаралық ынтымақтастық департаменті жанындағы шетелдік азаматтармен жұмыс секторының басшысы Ботагоз Паратхан қатысып, визалық құжаттарды рәсімдеу, визаның қолданылу мерзімін ұзарту және қажетті құжаттарды уақытылы ұсыну мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Студенттерге оқу кезеңінде визалық құжаттарының жарамдылық мерзімін қадағалап, тиісті рәсімдерді алдын ала жоспарлаудың маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ визалық құжаттарды рәсімдеуге қатысты сұрақтар немесе шешілмеген мәселелер туындаған жағдайда, университеттің бас корпусындағы (Сәтбаев көшесі, 2) 407-кабинетте орналасқан шетелдік азаматтармен жұмыс секторына жүгіну қажеттігі атап өтілді. Кездесу студенттердің визалық рәсімдер туралы хабардарлығын арттыруға және құжаттарды кешіктіріп ұсынуға немесе олардың қолданылу мерзімін өткізіп алуға байланысты қиындықтардың алдын алуға бағытталды. Сәулет-құрылыс факультеті мен Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бірлескен жұмысы шетелдік студенттерге жүйелі ақпараттық қолдау көрсетуге, олардың университет ортасына бейімделуіне және білім алуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
