
ӨНДІРІСТІК ПРАКТИКАНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Бекітілген оқу жоспары мен академиялық күнтізбеге сәйкес, 1 маусымнан 20 маусымға дейін 6В02121 - Сәулеттік дизайн, 6В02120 – Графикалық дизайн мамандықтарының білім алушылары өндірістік практикадан өтті. Өндірістік практикаға педагогика ғылымдарының докторы Т.К. Самуратова жетекшілік етті. Алғашқы күні жетекші Т.К.Самуратова барлық білім алушыларға өндірістік практиканың басты мақсаты алған теориялық білімдерін іс-тәжірибе негізінде кәсіби дағдыларын заманауи нарық талаптарына бейімдеу екенін нақтылап түсіндіріп, ақыл кеңестерін берді.
Өндірістік практика жоғары деңгейде ұйымдастырылып, “Палитра” полиграфиясы, “Hazifa ethno” және т.б жобалау-дизайн студиялары сияқты жетекші компаниялар мен кәсіпорындар базасында өткізілді. Аталған кәсіпорындарда студенттер нақты өндірістік процестермен танысып, нақты бағыттар бойынша кәсіби мамандық дағдыларын үйренді. Атап айтсақ:
баспаға дейінгі дайындық жұмыстарын жүргізуді, полиграфиялық жабдықтардың жұмыс істеу принциптерін, өнімдерді форматтау және түстік түзету ерекшеліктерін анықтады;
ұлттық нақыштағы заманауи дизайн өнімдерін жасауды, этностильді бренділеу және қаптама дизайнын әзірлеуді, эскиздерден бастап дайын өнімге дейінгі шығармашылық концепцияларды іске асыруды меңгерді;
ғимараттар мен интерьерлердің 3D модельдерін құруды, сызбалық құжаттарды әзірлеуді және заманауи құрылыс материалдарымен жұмыс істеуді тәжірибеден өткізді.
Өндірістік практика барысында өндіріс орындарынан бекітілген жоғары білікті, тәжірибелі мамандар мен бас дизайнерлер кәсіби кеңестерімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырды.
Практика жетекшісі Т.К. Самуратова Smart.Enu сайтына 3 апта бойынша күнделікті жоспар бойынша атқарылған жұмыстардың орындалу деңгейіне бағыт бағдар беріп, үнемі қадағалап отырды. Сондай-ақ, әр апта соңында жоспар бойынша атқарылған жұмыстардың сапасы талданып, баға беріліп, келесі апта жұмыстарының мазмұнын түсіндірді. Соңында практика барысында кездескен қиыншылықтар мен ерекшеліктер анықталып, баға берілді. Практика келесі құрылымдық кезеңдерге сәйкес ерекшеліктермен өтті:
Бірінші апта – танысу кезеңі: Бұл кезеңде білім алушылар кәсіпорындардың ішкі тәртіп ережелерімен, техникалық қауіпсіздік ережелерімен танысты. Практика жоспары бекітіліп, кәсіпорын құрылымы, техникалық мүмкіндіктері және өндірістік қуаты нақтыланды. Басшылар тарапынан алғашқы тапсырмалар үлестірілді.
Екінші апта – өндірістік кезең: Практиканың негізгі практикалық бөлігі іске асырылды. білім алушылар тікелей тапсырмаларды орындауға кірісті: графикалық бағдарламаларда жобалар әзірледі, тапсырыс берушілердің талаптарымен жұмыс істеді, өндірістік өнімдердің макеттерін жасап, өндіріс процесіне тікелей араласты.
Үшінші апта – қорытынды кезең: Жасалған жұмыстарды жүйелеу, кемшіліктерді жою және өнімдерді қорғауға дайындау кезеңі өтті. Студенттер тәжірибелік есептерін рәсімдеп, кәсіпорындардан мінездемелер алды. Атқарылған барлық жобалар жинақталып, қорытынды бағалауға ұсынылды.
Жалпы өндірістік практика барысында білім алушылар теориялық алған білімдерін практикада ұштастыра алды. Олар университет қабырғасында үйренген графикалық және архитектуралық бағдарламалық жасақтамаларды (Adobe Photoshop, Illustrator, InDesign, CorelDraw, 3ds Max, AutoCAD) нақты өндірістік тапсырыстарды орындауда қолдану арқылы шеберліктерін арттырды. Нақты бизнес ортада жұмыс істеуді, ұжымда кәсіби қарым-қатынас орнатуды және мерзімге бағына отырып сапалы өнім шығаруды үйренді.
Бұл тәжірибе болашақ дизайн мамандарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосты. Практика бағдарламасы толық көлемде және сәтті орындалды және соңында барлық білім алушылар «өте жақсы» деген дәрежеде бағаланды.
